Қасым-Жомарт Тоқаев: «Ғылым экономика мен қоғамның сұранысына сай болуға тиіс»

0
50

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында ғылымның қоғам мен экономиканың нақты сұраныстарына қызмет етуі қажеттігін ерекше атап өтті. Президент өз сөзінде ғылым саласындағы ең басты міндеттердің бірі – ғылыми жаңалықтар мен зерттеу нәтижелерін өндіріс пен нақты секторға енгізу екенін айтты. Бұл – Қазақстанның инновациялық даму жолындағы маңызды стратегиялық бағыты.

Шынында да, қазіргі таңда ғылымның құндылығы жарияланған ғылыми мақалалардың немесе зертханалық зерттеулердің санымен ғана емес, олардың нақты нәтижесімен өлшенеді. Ғылыми жаңалықтардың өндірісте қолданылуы, жаңа технологиялардың енгізілуі және экономикалық тиімділік әкелуі – дамыған мемлекеттердің негізгі ұстанымдарының бірі. Сондықтан Президент көтерген мәселе ғылым мен жоғары білім саласының алдында тұрған маңызды міндеттердің қатарында.

Бүгінгі таңда әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, экономикалық тұрғыдан дамыған елдердің барлығы ғылым мен инновацияға ерекше көңіл бөледі. Жаһандық деңгейдегі технологиялық алпауыт компаниялар ғылыми зерттеулерге миллиардтаған инвестиция құйып, жаңа технологияларды нарыққа жылдам шығару арқылы бәсекелестік артықшылыққа қол жеткізіп отыр. Бұл тәжірибе ғылымның тек академиялық ортада ғана емес, нақты өндірістік үдерістердің ажырамас бөлігіне айналғанын көрсетеді.

Президент атап өткендей, ғылыми жаңалықтар зертханалар аясында қалып қоймауы тиіс. Бұл мәселе Қазақстан үшін де өте өзекті. Соңғы жылдары елімізде ғылымды дамытуға бағытталған бірқатар жүйелі реформалар жүзеге асырылуда. Ғылыми жобаларды қаржыландыру көлемі ұлғайып, жас ғалымдарды қолдау шаралары күшейтілді. Дегенмен ғылыми нәтижелерді коммерцияландыру және оларды өндіріске енгізу бағытында атқарылатын жұмыстар әлі де жеткілікті.

Әсіресе жоғары оқу орындарының ғылыми әлеуетін тиімді пайдалану маңызды. Университеттер тек білім беру орталығы ғана емес, жаңа идеялар мен инновациялардың генераторы болуы қажет. Қазіргі таңда көптеген дамыған елдердің жетекші университеттері ғылым, бизнес және өндіріс арасындағы байланыстың негізгі буынына айналған. Ғылыми зерттеулердің нәтижелері өндірістік жобаларға негіз болып, жаңа жұмыс орындарының құрылуына және экономиканың дамуына ықпал етеді.

Бұл тұрғыда Түркістан облысында да ғылым мен инновацияны дамыту бағытында маңызды жұмыстар атқарылып келеді. Өңірдегі жоғары оқу орындары ғылыми әлеуетті арттыруға және қолданбалы зерттеулердің үлесін көбейтуге басымдық беруде. Түркістан қаласының рухани орталық қана емес, білім мен ғылымның маңызды орталығына айналуы өңірдің интеллектуалдық әлеуетін нығайтуға мүмкіндік беріп отыр.

Бүгінде Түркістан облысындағы жоғары оқу орындары ауыл шаруашылығы, медицина, экология, цифрлық технологиялар және инженерия бағыттарында ғылыми жобаларды жүзеге асыруда. Бұл зерттеулердің негізгі мақсаты – өңірдің әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешуге үлес қосу және нақты нәтижеге қол жеткізу. Ғылыми зерттеулердің өндіріспен байланысын күшейту арқылы өңір экономикасының дамуына жаңа серпін беру көзделуде.

Президент өз сөзінде адам капиталының маңыздылығына ерекше тоқталды. Шын мәнінде, кез келген мемлекеттің басты байлығы – оның табиғи ресурстары емес, білімді және білікті азаматтары. Әлемдегі ең үздік технологиялық компаниялардың жетістігі де ең алдымен талантты мамандарды тартуға және олардың әлеуетін тиімді пайдалануға негізделген. Сондықтан адам капиталына инвестиция салу – елдің болашағына инвестиция салумен тең.

Қазақстанда ғылым мен білім саласына бөлінетін қолдау көлемінің артуы жастардың ғылыми қызметке қызығушылығын күшейтуде. Бүгінде жас ғалымдарға арналған гранттық бағдарламалар, ғылыми тағылымдамалар және халықаралық тәжірибе алмасу мүмкіндіктері кеңейіп келеді. Бұл шаралар ғылыми кадрлардың жаңа буынын қалыптастыруға ықпал етеді.

Әсіресе цифрландыру мен жасанды интеллект дәуірінде ғылыми зерттеулердің рөлі бұрынғыдан да артып отыр. Жаңа технологиялар экономика салаларының барлығына еніп, еңбек нарығына қойылатын талаптарды өзгертіп жатыр. Мұндай жағдайда ғылым мен инновацияны дамыту елдің бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етудің басты шарты болып табылады.

Түркістан облысында да цифрлық технологияларды енгізу және инновациялық жобаларды дамыту бағытында жұмыстар жүргізілуде. Жоғары оқу орындары ғылыми зерттеулерді заманауи технологиялармен ұштастырып, студенттер мен жас ғалымдардың инновациялық бастамаларын қолдауға күш салуда. Бұл өңірдің ғылыми әлеуетін арттырып қана қоймай, жаңа өндірістер мен технологиялардың пайда болуына негіз болады.

Мемлекет басшысы атап өткендей, технология мен инновация – дамудың баламасыз шарты. Бүгінгі таңда әлемдік экономика ғылым мен технологияның жетістіктеріне сүйеніп дамуда. Сондықтан Қазақстан үшін де ғылымды экономиканың нақты секторымен байланыстыру, ғылыми нәтижелерді өндіріске енгізу және инновациялық экожүйені дамыту стратегиялық маңызға ие.

Қорыта айтқанда, Президенттің ғылымның әлеуетін ел игілігіне жарату туралы бастамасы – уақыт талабынан туындаған маңызды міндет. Ғылым қоғам мен экономиканың сұранысына жауап беретін нақты нәтижелерге бағытталуы тиіс. Бұл ретте жоғары оқу орындары, ғылыми-зерттеу институттары, бизнес қауымдастық пен мемлекеттік органдардың өзара ынтымақтастығы ерекше маңызға ие. Осындай жүйелі жұмыстар арқылы ғана Қазақстан ғылыми жаңалықтарды нақты экономикалық өсім мен қоғамдық игілікке айналдыра алады.

Әлеуметтік желіде бөлісу

Пікір жазу