Арыста «Ясауи керуені» ғылыми-танымдық семинары өтті

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тарихи-мәдени мұраны сақтау, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және қоғамның рухани санасын жаңғырту бағытындағы тапсырмаларын іске асыру аясында Түркістан облысында тағылымды жобалар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Осы бағыттағы жұмыстардың бірі – түркі әлемінің ұлы ойшылы, рухани көшбасшы Қожа Ахмет Ясауидің мұрасын кеңінен насихаттауға арналған «Ясауи керуені» аймақтық ғылыми-танымдық семинары.
Тағылымды жоба Түркістан облысы әкімінің бастамасымен ұйымдастырылып, оның кезекті басқосуы Арыс қаласында өтті. Семинардың басты мақсаты – Қожа Ахмет Ясауидің рухани-философиялық мұрасын ғылыми тұрғыдан зерделеу, оның адамгершілік қағидаттарын кеңінен насихаттау және ұлы ойшылдың ілімін ұлттық құндылықтармен сабақтастыра таныту.
Жиынға Түркістан облысы дін істері басқармасына қарасты «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ директоры Медет Халықов пен Түркістан облысының бас имамы Ержан Сматұлы Төлепов қатысып, семинардың маңыздылығына тоқталды.
Басқосуда Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессор-оқытушылар құрамы мен ғылыми-зерттеу институтының өкілдері мазмұнды баяндамалар жасады. Атап айтқанда, теология ғылымдарының докторы Досай Кенжетай, теология ғылымдарының докторы (PhD), қауымдастырылған профессор міндетін атқарушы, «Ясауитану» ғылыми-зерттеу институтының директоры Бауыржан Сайфунов, дінтанушы, Қ.А. Ясауи атындағы ХҚТУ доценті Сержан Оразбай және Теология факультетінің доценті, PhD докторы Мұхит Төлеген өз зерттеулерімен бөлісті.
Семинар барысында Қожа Ахмет Ясауидің тарихи тұлғасы мен оның ұлттық сана қалыптастырудағы орны кеңінен талқыланды. Бауыржан Сайфунов «Қожа Ахмет Ясауидің тарихи тұлғасы және ұлттық идентификация» тақырыбында баяндама жасап, Ясауи мұрасының түркі халықтарының тарихи жадындағы маңызын атап өтті.
Ал Сержан Оразбай «Ясауи хикметтеріндегі рухани құндылықтар» тақырыбында сөз қозғап, ойшыл шығармаларындағы адамгершілік, ізгілік, сабыр, адалдық пен рухани кемелдену ұғымдарына тоқталды.
Мұхит Төлеген «Қожа Ахмет Ясауи ілімі және қазақ салт-дәстүрлері» тақырыбындағы баяндамасында Ясауи дүниетанымының қазақ халқының дәстүрлі мәдениеті мен рухани құндылықтарының қалыптасуына тигізген ықпалын саралады.
Жиын барысында қатысушылар Ясауи мұрасын ғылыми тұрғыдан зерттеу, оның рухани-адамгершілік қағидаттарын жастар арасында кеңінен насихаттау және ұлттық тәрбие жүйесімен сабақтастыра дәріптеу мәселелері бойынша пікір алмасты.
Қожа Ахмет Ясауидің рухани мұрасы – түркі халықтарына ортақ тарихи-мәдени құндылықтардың бірі. Оның хикметтері ғасырлар бойы адамды ізгілікке, әділдікке, білімге және рухани тазалыққа үндеп келеді. Сондықтан ұлы ойшылдың еңбектерін зерделеу бүгінгі қоғам үшін де өзекті.
Арыста өткен «Ясауи керуені» семинары осы құндылықтарды жаңа буынға жеткізуге бағытталған маңызды ғылыми-танымдық алаңға айналды. Мұндай іс-шаралар тарихи мұраны дәріптеп қана қоймай, жастардың ұлттық тарих пен руханиятқа деген қызығушылығын арттыруға мүмкіндік береді.
Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында ұлттық мәдениет пен тарихи мұраны дәріптеуге, қоғамдық сананы жаңғыртуға және өскелең ұрпаққа рухани тәрбие беруге бағытталған жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады. «Ясауи керуені» жобасы осы мақсаттарды жүзеге асырудың маңызды бағыттарының бірі ретінде өңір тұрғындарының тарихи-рухани танымын кеңейтуге қызмет етуде.






