Түркістандық оқушылардың жетістігі қуантады

0
30

Түркістан қаласында білім беру саласын дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Мемлекет басшысы айқындаған сапалы білім беру саясаты аясында қалада білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайту, оқыту сапасын арттыру, инклюзивті білім беру жүйесін жетілдіру және балалардың жан-жақты дамуына жағдай жасау бағытында нақты нәтижелерге қол жеткізілуде.

Қазіргі таңда Түркістан қаласының білім бөліміне қарасты жалпы 247 білім беру мекемесі халыққа сапалы білім мен тәрбие беруде. Оның ішінде 81 жалпы білім беретін мектеп, 160 мектепке дейінгі ұйым және 6 мектептен тыс мекеме жұмыс істейді. Жалпы білім беретін мектептердің 38-і мемлекеттік болса, 43-і жекеменшік білім беру ұйымдары саналады. Ал мектепке дейінгі ұйымдардың 21-і мемлекеттік, 139-ы жекеменшік балабақшалар болып табылады.

Бүгінде қала мектептерінде 59 502 оқушы білім алып, заман талабына сай сапалы біліммен қамтылуда. Сонымен қатар, мектепке дейінгі ұйымдарда 18 883 бүлдіршін тәрбиеленіп жатыр. Оның ішінде 3 678 бала мемлекеттік, 15 205 бала жекеменшік балабақшаларда тәрбиеленуде. Бұл көрсеткіштер Түркістан қаласында мектепке дейінгі білім беру жүйесінің тұрақты дамып келе жатқанын көрсетеді.

Мектепке дейінгі тәрбиемен қамту мәселесі де тұрақты бақылауда. Қазіргі таңда 2–6 жас аралығындағы балаларды балабақшамен қамту деңгейі 99,6 пайызды құрайды. Бұл – өңірдегі мектепке дейінгі білім беру саласының тиімді ұйымдастырылғанының нақты көрінісі. Дегенмен, қазіргі уақытта балабақша кезегінде 1261 бала тіркелген. Осыған байланысты жаңа балабақшалар ашу, мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамыту және жеке инвестицияларды тарту арқылы қосымша орындар құру жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасып келеді.

Балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру және олардың шығармашылық қабілеттерін дамыту мақсатында мектептен тыс білім беру ұйымдарының қызметіне де ерекше көңіл бөлінуде. Қаладағы 6 мектептен тыс мекемеде 4054 оқушы түрлі бағыттағы үйірмелер мен шығармашылық бірлестіктерге қатысып, қосымша білім алуда. Мұнда өнер, музыка, қолөнер, ғылыми-техникалық шығармашылық, спорт және өзге де бағыттар бойынша үйірмелер жұмыс істейді. Бұл балалардың шығармашылық әлеуетін дамытуға, кәсіби бағдарын айқындауға және бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік береді.

Түркістан қаласының білім саласындағы басты жетістіктерінің бірі – білім сапасының жыл сайын тұрақты артуы. Соңғы бірнеше жыл қатарынан қала облыс аудандары арасында көш бастап келеді. 2025–2026 оқу жылының қорытындысы бойынша білім сапасы 65,5 пайызды құрап, өткен оқу жылындағы 64,4 пайыздық көрсеткіштен 1,1 пайызға жоғарылады.

Бұл жетістік мұғалімдердің кәсіби шеберлігі мен білім беру ұйымдарының жүйелі жұмысының нәтижесі болып табылады. Сонымен қатар, білім сапасының өсуі оқушылардың республикалық және халықаралық деңгейдегі жетістіктерінен де айқын байқалады. Түркістандық оқушылар облыстық, республикалық және халықаралық олимпиадаларда, ғылыми жобалар байқауларында, пәндік жарыстарда және түрлі зияткерлік сайыстарда жүлделі орындарға ие болып, қаланың мерейін үстем етіп келеді.

Қаладағы білім беру жүйесінде ерекше білім беруді қажет ететін балаларға қолайлы орта қалыптастыруға да ерекше мән берілуде. Инклюзивті білім беруді дамыту – мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі. Осыған сәйкес Түркістан қаласында ерекше білім беру қажеттілігі бар балалардың сапалы білім алуына барлық жағдай жасалып келеді.

2022–2023 оқу жылынан бастап инклюзивті білім беру үшін қажетті жағдайлар жасалған мектептердің санын арттыру бағытында нақты жұмыстар атқарылды. Нәтижесінде 15 мектепте 294 балаға арналған түзете-дамыту сыныптары ашылды. Бұл сыныптарда балалардың жеке ерекшеліктеріне сәйкес білім алып, әлеуметтік бейімделуіне мүмкіндік жасалған.

Сонымен қатар, қаладағы №16 Т.Бигелдинов, №24 М.Шоқай, №1 А.Байтұрсынов және №21 М.Пошанов атындағы мектептер жанынан құрылған 4 инклюзивті білім беру ресурстық орталығында 69 балаға педагогикалық-психологиялық қолдау көрсетілуде. Бұл орталықтар ерекше білім беру қажеттілігі бар балалардың толыққанды білім алуына және қоғамға бейімделуіне ықпал етеді.

Бұдан бөлек, 4 жалпы білім беретін мектепте ашылған арнайы сыныптарда 89 оқушы, ал инклюзивті сыныптарда 28 бала білім алуда. Сондай-ақ, білім бөліміне қарасты 9 балабақшада арнайы қажеттілігі бар балаларға арналған 9 арнайы топ жұмыс істейді. Бұл топтарда 72 бүлдіршін тәрбиеленуде. Жалпы алғанда, бүгінде Түркістан қаласында 552 ерекше білім беруді қажет ететін бала инклюзивті біліммен қамтылған.

Инклюзивті білім беру жүйесін жетілдірумен қатар, педагогтердің кәсіби біліктілігін арттыруға да басымдық берілуде. Мұғалімдер мен арнайы мамандар заманауи әдістемелерді меңгеріп, арнайы курстар мен біліктілікті арттыру бағдарламаларына тұрақты қатысуда. Бұл білім беру сапасын арттыруға және ерекше балалармен жұмыс істеудің тиімділігін күшейтуге мүмкіндік береді.

Сонымен бірге білім беру ұйымдарында цифрлық технологияларды енгізу, заманауи оқу құралдарын пайдалану, оқушылардың ғылыми-зерттеу және инновациялық жобаларға қызығушылығын арттыру бағытындағы жұмыстар да қарқынды жүргізілуде. Дарынды балаларды қолдау, олардың шығармашылық және зияткерлік әлеуетін дамыту, халықаралық білім кеңістігіне бейімдеу мәселелері де басты назарда.

Алдағы уақытта Түркістан қаласының білім беру жүйесінде білім сапасын одан әрі арттыру, цифрлық білім беру технологияларын кеңінен енгізу, педагогтердің кәсіби құзыреттілігін жетілдіру, мектепке дейінгі тәрбиемен қамту аясын кеңейту, ерекше білім беруді қажет ететін балаларға қолайлы орта қалыптастыру және оқушылардың жан-жақты дамуына бағытталған жобаларды іске асыру жалғасын табады.

Білімді ұрпақ – елдің жарқын болашағы. Осы қағиданы басты ұстаным еткен Түркістан қаласының білім саласы бүгінгі таңда сапалы білім беру мен саналы ұрпақ тәрбиелеу жолында жүйелі жұмыстарды жүзеге асырып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлесін қосып келеді.

Әлеуметтік желіде бөлісу

Пікір жазу