Кентаудағы Махмұд Қашғари атындағы мектеп-лицейі «Ең үздік ауыл мектебі» атанды

Кентау қаласына қарасты Қарнақ ауылындағы Махмұд Қашғари атындағы мектеп-лицейі еліміздің ауыл мектептері арасындағы ең беделді білім сайыстарының бірінде үздік нәтиже көрсетіп, республикалық деңгейде үлкен жетістікке қол жеткізді. «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастырған 2025–2026 оқу жылындағы ауыл мектептері оқушыларының республикалық олимпиадасының қорытынды рейтингі бойынша білім ордасы ең жоғары ұпай жинап, І орынды иеленді. Осылайша мектеп-лицейге «Ең үздік ауыл мектебі» атағы берілді.
Бұл жеңіс – тек бір білім ордасының ғана емес, жалпы Кентау өңіріндегі білім беру жүйесінің сапалы дамуының айқын көрінісі. Жыл сайын білім сапасын арттыруға, оқушылардың шығармашылық және зияткерлік әлеуетін дамытуға бағытталған жүйелі жұмыстардың нәтижесінде ауыл мектептерінің де республикалық деңгейде жоғары жетістіктерге қол жеткізуі қалыпты үрдіске айналып келеді.
Республикалық олимпиада еліміздегі ауыл мектептерінде білім алатын дарынды оқушыларды анықтауға, олардың қабілетін дамытуға және сапалы білімге тең қолжетімділікті қамтамасыз етуге бағытталған маңызды жоба саналады. Төрт кезеңнен тұратын білім додасына республика бойынша 125 мыңнан астам оқушы қатысып, өз білімдерін сынға салды. Іріктеу кезеңдерінен сүрінбей өткен ең үздік оқушылар ғана республикалық финалға жолдама алып, өзара бақ сынады.
Осындай ауқымды бәсекеде Қарнақ ауылындағы Махмұд Қашғари атындағы мектеп-лицейінің көш бастауы – ұжымның кәсіби жұмысының, ұстаздардың жоғары біліктілігінің және оқушылардың білімге деген құштарлығының нақты нәтижесі. Олимпиада қорытындысында ең жоғары рейтингке ие болған мектептің тәжірибесі бүгінде ауыл мектептері үшін тиімді білім беру моделінің үлгісі ретінде бағалануда.
Мектеп-лицейде оқушылардың жан-жақты дамуына ерекше көңіл бөлінеді. Мұнда білім беру үдерісі заманауи талаптарға сай ұйымдастырылып, оқушылардың ғылыми-зерттеу жұмыстарына, пәндік олимпиадаларға, шығармашылық және зияткерлік байқауларға белсенді қатысуына барлық жағдай жасалған. Сонымен қатар педагогтер білім беру үдерісіне жаңа әдіс-тәсілдер мен инновациялық технологияларды енгізіп, әр оқушының қабілетін ашуға бағытталған жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді.
Дарынды балаларды қолдау – білім беру жүйесінің маңызды бағыттарының бірі. Осы мақсатта мектепте пәндік үйірмелер, олимпиадалық дайындық сабақтары, ғылыми жобалар мен қосымша білім беру бағдарламалары тұрақты ұйымдастырылады. Бұл жұмыстар оқушылардың логикалық ойлау қабілетін, зерттеушілік дағдыларын және шығармашылық әлеуетін дамытуға мүмкіндік береді.
Махмұд Қашғари атындағы мектеп-лицейінің жетістігі ұстаздардың кәсіби шеберлігі мен қажырлы еңбегінің нәтижесі екені сөзсіз. Педагогтер білім берумен қатар, оқушыларды өздігінен ізденуге, сыни тұрғыдан ойлауға және өмірлік маңызды дағдыларды меңгеруге баулиды. Мұндай кешенді жұмыс мектептің білім сапасын жыл сайын арттыруға негіз болып отыр.
Бұл жетістікте ата-аналардың қолдауының да үлесі зор. Мектеп, ата-ана және оқушы арасындағы тығыз байланыс сапалы білім берудің маңызды тетіктерінің бірі саналады. Осындай өзара ынтымақтастықтың арқасында білім алушылар республикалық және халықаралық деңгейдегі түрлі білім бәйгелерінде жоғары нәтижелерге қол жеткізіп келеді.
Қазіргі таңда елімізде ауыл мен қала мектептері арасындағы білім сапасының алшақтығын азайтуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар жүйелі жүзеге асырылуда. Осы жұмыстардың нәтижесінде ауыл мектептерінің материалдық-техникалық базасы нығайып, педагогтердің кәсіби дамуына және дарынды балаларды қолдауға кең мүмкіндік жасалуда. Қарнақ ауылындағы мектеп-лицейдің республикалық рейтингте көш бастауы – осы мемлекеттік саясаттың нақты нәтижелерінің бірі.
Кентау өңірінде білім беру сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады. Оқушылардың халықаралық талаптарға сай білім алуына жағдай жасау, педагогтердің кәсіби әлеуетін дамыту, цифрлық технологияларды кеңінен енгізу және дарынды жастарды қолдау бағытындағы жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.
Махмұд Қашғари атындағы мектеп-лицейінің «Ең үздік ауыл мектебі» атануы – білімге ұмтылған шәкірттердің, білікті ұстаздардың және мектеп ұжымының бірлескен еңбегінің жемісі. Бұл жеңіс тек Қарнақ ауылының ғана емес, Кентау қаласы мен Түркістан облысының білім саласы үшін үлкен мақтаныш. Мұндай жетістіктер өңірдегі білім сапасының тұрақты өсіп келе жатқанын көрсетіп, жас ұрпақты жаңа белестерді бағындыруға жігерлендіреді.






