Арыста жаңғыртылған «Арыс-2» теміржол вокзалы пайдалануға берілді

0
41

Тоғыз жолдың торабында орналасқан Арыс қаласының көлік инфрақұрылымы тағы бір заманауи нысанмен толықты. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүргізілген жұмыстар нәтижесінде толық қайта жаңғыртылған «Арыс-2» теміржол вокзалы салтанатты түрде пайдалануға берілді.

Жаңарған нысанның ашылу рәсіміне Түркістан облысы әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев, Арыс қаласының әкімі Қайсар Маңқараев, «Қазақстан Теміржолы» ҰК» АҚ Шымкент магистральдық желі бөлімшесі филиалының директоры Нұрдаулет Байғазиев, теміржол саласының ардагерлері мен қызметкерлері және қала тұрғындары қатысты.

Салтанатты жиында сөз алған Түркістан облысы әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев көлік инфрақұрылымын дамыту елдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттырудағы маңызды бағыттардың бірі екенін атап өтті.

Оның айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес еліміздегі теміржол вокзалдарын жаңғырту жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Жалпы республика бойынша 124 теміржол вокзалын жаңарту көзделген. Арыс қаласындағы «Арыс-2» вокзалы – осы ауқымды жұмыстың нақты нәтижелерінің бірі.

«Жаңғыртылған вокзал тұрғындар мен жолаушыларға қауіпсіз әрі қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді. Нысанның заманауи талаптарға сай жабдықталуы қызмет көрсету сапасын арттыруға бағытталған», – деді Еркебұлан Дауылбаев.

Өз кезегінде «Қазақстан Теміржолы» ҰК» АҚ Шымкент магистральдық желі бөлімшесі филиалының директоры Нұрдаулет Байғазиев жаңа вокзалдың теміржол саласы үшін маңыздылығына тоқталды. Ол жолаушыларға қолайлы жағдай жасау және теміржол инфрақұрылымын жетілдіру бағытындағы жұмыстардың алдағы уақытта да жалғасатынын жеткізді.

Қайта жаңғыртылған вокзал ғимараты жолаушылардың қажеттіліктерін ескере отырып жабдықталған. Мұнда ана мен балаға арналған арнайы бөлме, заманауи күту залы, ақпараттық мониторлар және салқындату жүйесі қарастырылған. Сонымен қатар мүгедектігі бар азаматтардың нысанды кедергісіз пайдалануына қажетті жағдайлар жасалған.

Жаңарту жұмыстары вокзал ғимаратымен ғана шектелмеген. Перрон аумағында жалпы көлемі 5 мың шаршы метр болатын асфальт жабыны жаңартылып, жолаушыларға арналған жаңа күту орындары орнатылған. Бұдан бөлек, аумаққа заманауи жарықтандыру жүйесі енгізілген.

Жаңа вокзал тәулігіне 300-ден астам жолаушыға қызмет көрсетуге есептелген. Жылдық өткізу мүмкіндігі 65 мыңнан астам жолаушыны құрайды. Станция арқылы тәулігіне орта есеппен 18 жолаушылар пойызы өтеді. Оның ішінде 2 пойыз халықаралық бағытта қатынайды.

Арыс қаласы үшін бұл нысанның маңызы ерекше. Қала еліміздің оңтүстігіндегі маңызды теміржол тораптарының бірі саналады. Сондықтан вокзалдың жаңартылуы тек жолаушыларға қызмет көрсету сапасын арттырып қана қоймай, қаланың көлік-логистикалық әлеуетін одан әрі нығайтуға мүмкіндік береді.

Іс-шара барысында Теміржол торабы ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейітжан Байниязов ақ батасын беріп, жаңарған нысанның халық игілігіне ұзақ жылдар қызмет етуіне тілектестік білдірді.

Салтанатты рәсім соңында вокзалдың көгілдір лентасы қиылып, жиынға қатысушылар жаңғыртылған нысанды аралап, оның жолаушыларға арналған мүмкіндіктерімен танысты.

Жаңарған «Арыс-2» вокзалы – Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып жатқан көлік инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстарының маңызды нәтижелерінің бірі. Заманауи талаптарға сай қайта жабдықталған нысан Арыс тұрғындары мен қала қонақтарына жайлы орта қалыптастырып, теміржол қызметінің сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

Әлеуметтік желіде бөлісу

Пікір жазу