ҚАЛА ӘКІМІ АРЫС ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында Арыс қаласында тұрғындармен ашық әрі тікелей диалог орнатуға бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Осы бағытта апта басынан бері қалаға қарасты 10 елді мекеннің тұрғындарымен кездесіп, ауыл халқының ұсыныс-тілектерін тыңдаған Арыс қаласының әкімі Қайсар Маңқараев бүгін шаһар тұрғындарымен жүздесті.
Еркін форматта өткен кездесудің негізгі мақсаты – қала тұрғындарының өзекті мәселелерін тікелей тыңдап, олардың ұсыныстары мен бастамаларын ескере отырып, Арыстың алдағы даму бағыттарын айқындау. Кездесу барысында тұрғындар қала өміріне қатысты өздерін толғандырған мәселелерді ашық айтып, оларды шешу жолдары жөнінде өз ұсыныстарын білдірді.
Қала тұрғындары тарапынан көтерілген мәселелердің қатарында кейбір көшелерге атау беру, балалардың бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік беретін ойын алаңшаларын салу, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жасанды жол кедергілерін орнату, көшелерді түнгі жарықтандыру және қоғамдық көлік бағыттарына қатысты ұсыныстар болды.
Тұрғындардың айтуынша, аталған мәселелердің шешілуі шаһардағы өмір сүру сапасын арттырып, қала инфрақұрылымының одан әрі жақсаруына ықпал етеді. Әсіресе балаларға арналған ойын алаңшаларын көбейту, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және көшелерді жарықтандыру мәселелері тұрғындар үшін күнделікті тұрғыда маңызды екені айтылды.
Бұдан бөлек, кездесуде қала тазалығы мен абаттандыру жұмыстарына қатысты ұсыныстар да ортаға салынды. Тұрғындар шаһардың санитарлық тазалығын сақтау, қоғамдық орындарды күтіп ұстау, аулалар мен көшелердің көркін арттыру бағытындағы жұмыстарды тұрақты түрде жалғастыру қажеттігін атап өтті.
Сондай-ақ Арыс қаласының 70 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылатын іс-шаралар жөнінде де бірқатар ұсыныс айтылды. Тұрғындар айтулы датаға арналған мәдени, қоғамдық және басқа да маңызды іс-шараларды мазмұнды өткізуге қатысты өз ойларын жеткізді. Қала басшысы бұл ұсыныстардың назарға алынатынын айтып, мерейтой аясындағы жұмыстардың қала тұрғындарының пікірін ескере отырып ұйымдастырылуы маңызды екенін атап өтті.
Кездесу барысында қала әкімі тұрғындардың әрбір өтініш-тілегін мұқият тыңдап, көтерілген мәселелер бойынша жауапты бөлім басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді. Сонымен қатар шаһар басшысы кейбір мәселелерді тек құжат жүзінде қарастырумен шектелмей, тиісті аумақтарға барып, жағдайды жергілікті жерде зерделеу қажеттігін айтты.
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының басты бағыттарының бірі азаматтардың ұсыныстары мен талап-тілектерін есту, олармен ашық пікір алмасу және көтерілген мәселелерді нақты шешуге бағытталған жұмыстарды күшейту. Осы орайда Арыста ұйымдастырылып отырған тұрғындармен кездесулер жергілікті атқарушы орган мен халық арасындағы байланысты нығайтудың маңызды тетігіне айналып отыр.
Қала әкімі тұрғындармен ашық диалогтың маңыздылығына тоқталып, кездесуде айтылған әрбір ұсыныс назардан тыс қалмайтынын нақты айтып жеткізді. Оның айтуынша, тұрғындардың бастамалары мен ұсыныстары қаланың даму жоспарын қалыптастыру кезінде ескеріліп, мүмкіндігіне қарай тиісті жұмыстарға енгізіледі.
Мұндай кездесулер халықтың нақты қажеттіліктерін жергілікті жерден білуге, атқарылып жатқан жұмыстарға тұрғындардың пікірін ескеруге және қала дамуына қатысты өзекті мәселелерді бірлесіп талқылауға мүмкіндік береді.






