Халықаралық ғылыми ынтымақтастықтың жаңа кезеңі: университетте Гарвард және Индиана университеттерінің ғалымдары қатысқан ғылыми семинар өтті

Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде халықаралық ғылыми ынтымақтастықты дамытуға бағытталған маңызды ғылыми семинар ұйымдастырылды. Іс-шараға әлемнің жетекші жоғары оқу орындарының бірі саналатын Гарвард университеті мен Индиана университетінің белгілі ғалымдары қатысып, түркітану, қолжазбатану және цифрлық гуманитарлық ғылымдар саласындағы өзекті зерттеулерін таныстырды.
Ғылыми семинар университеттің профессор-оқытушылар құрамын, жас ғалымдарды, докторанттар мен студенттерді бір алаңға жинап, ғылымның заманауи бағыттары бойынша пікір алмасуға және халықаралық тәжірибемен танысуға мүмкіндік берді. Мұндай кездесулер ғылыми ынтымақтастықты кеңейтіп қана қоймай, қазақстандық зерттеушілердің әлемдік ғылыми қауымдастықпен байланысын нығайтуға ықпал етеді.
Семинар жұмысына Гарвард университетінің Ұйғыр/шағатай тілдері бағдарламасының директоры, PhD Гүлнар Әзиз Юлғун және Индиана университетінің Таяу Шығыс, ислам және Орталық Еуразия зерттеулері кітапханасының маманы, PhD Акрам Хабибулла қатысты.
Іс-шараның модераторы ретінде Түркітану ғылыми-зерттеу институтының директоры Халил Четин сөз сөйлеп, халықаралық ғылыми байланысты нығайтудың маңыздылығына тоқталды. Ол мұндай ғылыми кездесулердің түркі халықтарының тарихы мен мәдениетін жан-жақты зерттеуге, жаңа ғылыми жобаларды жүзеге асыруға және жас зерттеушілердің кәсіби деңгейін арттыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Семинардың ашылуында университеттің қаржы және халықаралық байланыстар жөніндегі вице-ректоры Мұстафа Гиритлиоғлу қатысушыларды құттықтап, университеттің халықаралық ғылыми серіктестікті дамытуға ерекше көңіл бөліп отырғанын жеткізді.
Ол өз сөзінде университетте әлемнің жетекші жоғары оқу орындары мен ғылыми орталықтарымен әріптестік байланыстардың жылдан-жылға кеңейіп келе жатқанын айтып, Гарвард және Индиана университеттерінен келген ғалымдардың ғылыми тәжірибесі түркітану саласына қызығушылық танытып жүрген зерттеушілер үшін аса құнды екенін атап өтті.
Вице-ректордың айтуынша, халықаралық деңгейдегі мұндай кездесулер ғылыми идеялардың алмасуына, бірлескен зерттеулердің дамуына және әлемдік ғылыми кеңістікпен ықпалдастықтың артуына оң ықпал етеді.
Ғылыми семинар барысында Гарвард университетінің Ұйғыр/шағатай тілдері бағдарламасының директоры, PhD Гүлнар Әзиз Юлғун «Қолжазбатану және цифрлық гуманитарлық ғылымдар: Ярринг коллекциясын зерттеу» тақырыбында баяндама жасады.
Ғалым өз баяндамасында сирек кездесетін қолжазбаларды зерттеудің қазіргі заманғы әдістеріне тоқталып, цифрлық технологиялардың тарихи мұраларды сақтау мен ғылыми айналымға енгізудегі рөлін жан-жақты түсіндірді. Сонымен қатар халықаралық ғылыми жобалар аясында жүргізіліп жатқан қолжазбаларды цифрландыру жұмыстары мен олардың ғылыми маңызы туралы кеңінен баяндады.
Баяндама барысында тарихи жазба мұраларын заманауи технологиялардың көмегімен зерттеу, электрондық архивтер қалыптастыру, мәтіндерді цифрлық форматта сақтау және оларды халықаралық ғылыми қауымдастыққа қолжетімді ету мәселелері сөз болды.
Қатысушылар цифрлық гуманитарлық ғылымдардың қазіргі ғылымдағы орны мен маңызы туралы мол ақпарат алып, сирек кездесетін қолжазбаларды зерттеудің жаңа тәсілдерімен танысты.
Өз кезегінде Индиана университетінің маманы, PhD Акрам Хабибулла «Оңтүстік Қазақстанның интеллектуалдық және діни өмірінің тарихынан» атты баяндама жасап, өңірдің ғасырлар бойы қалыптасқан рухани және мәдени мұрасына қатысты ғылыми зерттеулердің нәтижелерімен бөлісті.
Баяндамада Түркістан өңірінің ислам өркениетіндегі орны, ортағасырлық білім беру дәстүрлері, діни мектептердің қалыптасуы және өңірден шыққан ғұламалардың ғылыми мұрасы кеңінен сөз болды. Сонымен қатар тарихи дереккөздер негізінде Оңтүстік Қазақстандағы рухани ортаның қалыптасуы мен оның түркі әлемінің мәдени дамуына қосқан үлесі жан-жақты талданды.
Ғалым тарихи қолжазбалар мен архивтік материалдардың ғылыми айналымға енгізілуі түркі халықтарының рухани тарихын тереңірек зерделеуге мүмкіндік беретінін атап өтті.
Семинар барысында қолжазбатану, цифрлық гуманитарлық ғылымдар, түркітану, тарихи деректерді зерттеу және Оңтүстік Қазақстанның интеллектуалдық тарихына қатысты өзекті ғылыми мәселелер талқыланды. Қатысушылар баяндамашыларға сұрақтар қойып, зерттеу әдістері, тарихи деректердің сенімділігі, цифрландыру үдерісі және халықаралық ғылыми жобалар жөнінде пікір алмасты.
Ғылыми пікірталас ашық әрі мазмұнды форматта өтіп, тәжірибелі ғалымдар мен жас зерттеушілер арасында еркін ғылыми диалог қалыптасты. Мұндай кездесулер ғылыми ізденіспен айналысатын жастардың кәсіби көкжиегін кеңейтіп, олардың халықаралық ғылыми ортаға бейімделуіне мүмкіндік береді.
Семинар соңында қатысушылар ғылыми баяндамаларға жоғары баға беріп, өзара тәжірибе алмасты. Шетелдік ғалымдар студенттер мен жас зерттеушілердің белсенділігіне ризашылықтарын білдіріп, алдағы уақытта бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыруға қызығушылық танытатындарын жеткізді.
Ғылыми іс-шара аясында Гарвард және Индиана университеттерінің өкілдері университеттің білім беру және ғылыми инфрақұрылымымен де танысты.
Қонақтар алдымен университеттің Мәдениет орталығындағы музейді аралап, оқу орнының тарихы мен қалыптасу кезеңдері жөнінде мәлімет алды. Сондай-ақ олар университет кітапханасының сирек қорларымен, ғылыми әдебиеттерімен және цифрлық ресурстарымен танысты.
Бұдан кейін шетелдік ғалымдар Академиялық орталық пен Research Excellence Center (Ғылыми зерттеулердің озық орталығы) жұмысымен танысып, мұнда жүзеге асырылып жатқан ғылыми жобалар туралы ақпарат алды.
Сонымен қатар қонақтар Жаратылыстану ғылымдары, нанотехнологиялар және жаңа материалдар ғылыми-зерттеу институтының зертханаларын аралап, университетте жүргізіліп жатқан ғылыми зерттеулердің бағыттарымен танысты. Олар зертханалардың заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуіне және ғылыми инфрақұрылымның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанына оң бағаларын берді.
Семинар бағдарламасы аясында STEM Park жұмысы да таныстырылды. Мұнда қонақтар инженерлік жобалар, робототехника, бағдарламалау, цифрлық технологиялар және инновациялық зерттеулердің нәтижелерімен танысып, университеттің ғылым мен инновацияны дамыту бағытындағы бастамаларына қызығушылық білдірді.






