Арыста мемлекеттік қызметшілерге жаңа Конституция мен мемлекеттік қызмет саласындағы өзгерістер түсіндірілді

Арыс қаласында мемлекеттік қызметшілердің құқықтық сауаттылығын арттыруға, жаңа заңнамалық өзгерістерді түсіндіруге және қызметтік әдеп талаптарын сақтау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған маңызды кездесу өтті.
Арыс қаласы әкімдігі аппаратының үлкен мәжіліс залында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті ұйымдастырған «Жаңа Конституцияның негізгі бағыттары мен маңызды ережелерін, Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы жаңа Заңын, Әдеп кодексінің талаптарын және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мәселелерін түсіндіру» тақырыбында жиын ұйымдастырылды.
Іс-шараны Арыс қаласы әкімі аппаратының басшысы Талғат Анашбеков жүргізді. Кездесуге қала әкімі аппаратының, қалалық дербес бөлімдердің және ауылдық округтер әкімдері аппараттарының мемлекеттік қызметшілері қатысты.
Басқосудың негізгі мақсаты – мемлекеттік қызметшілерге еліміздегі конституциялық және мемлекеттік басқару салаларындағы өзгерістерді жан-жақты түсіндіру, жаңа талаптарды қызмет барысында дұрыс қолдануға бағыт-бағдар беру, сондай-ақ мемлекеттік қызметтің кәсіби және әдеп стандарттарын сақтау қажеттігін түсіндіру.
Жиында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департамент басшысының орынбасары Амандық Нұрлан Анарбекұлы сөз сөйлеп, мемлекеттік қызмет саласында жүргізіліп жатқан реформаларға тоқталды. Сонымен қатар Жаңа Конституцияның негізгі бағыттары мен оның мемлекеттік басқару жүйесі үшін маңызы жөнінде түсінік берді.
Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Түркістан облысы бойынша филиалының өкілі Орынбек Назерке Мәдиқызы Жаңа Конституцияның негізгі ережелерін тарқатып, оның қоғам мен мемлекеттік институттардың өзара байланысына қатысты маңызды тұстарына тоқталды.
Ал Мемлекеттік қызмет басқармасының басшысы Жолбарыс Ерсұлтан Амангелдіұлы мемлекеттік қызмет туралы жаңа заңнамадағы өзгерістерді таныстырып, мемлекеттік қызметшілер үшін белгіленген жаңа талаптар мен міндеттерге назар аударды. Мемлекеттік қызмет жүйесін жетілдіруге бағытталған өзгерістердің негізгі мақсаты – кәсіби, тиімді әрі халыққа бағдарланған мемлекеттік аппарат қалыптастыру.
Кездесу барысында мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп нормаларын сақтауы мәселесіне де ерекше мән берілді. Мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасының басшысы Көпеев Мақсат Қайратұлы Әдеп кодексінің талаптары мен тәртіптік жауапкершілік мәселелерін түсіндірді. Ол мемлекеттік қызметшінің мінез-құлқы мен қызметтік міндеттерді орындау барысында заң талаптарын қатаң сақтаудың маңыздылығын атап өтті.
Сондай-ақ сыбайлас жемқорлықтың алдын алу басқармасының бас маманы Төрегелді Медет Сәбитұлы сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндама жасады. Жиында мемлекеттік қызметшілер арасында адалдық, ашықтық, заңдылық және жауапкершілік қағидаттарын нығайту қажеттігі айтылды.
Мемлекеттік қызметшілер үшін мұндай түсіндіру кездесулерінің маңызы зор. Себебі заңнамадағы өзгерістерді уақытылы әрі дұрыс меңгеру мемлекеттік аппарат жұмысының тиімділігін арттырып қана қоймай, азаматтардың мемлекеттік органдарға деген сенімін нығайтуға ықпал етеді.
Мемлекеттік қызмет – халық пен мемлекетті байланыстыратын маңызды институт. Сондықтан әрбір қызметшінің заң талаптарын білуі, қызметтік әдеп нормаларын сақтауы және өз міндетіне жауапкершілікпен қарауы мемлекеттік басқарудың сапасына тікелей әсер етеді.
Жиын соңында қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, сала мамандарынан нақты жауаптар алды. Кездесудің қорытындысында Арыс қаласы әкімі аппаратының басшысы Талғат Әбдіқадірұлы Анашбеков арнайы келген мамандарға алғысын білдіріп, мұндай іс-шаралардың мемлекеттік қызметшілердің құқықтық білімін жетілдірудегі маңызын атап өтті.






