Халықаралық туризм және меймандостық университетінің өкілі KOPIST 2026 халықаралық бағдарламасына қатысып, жүлделі жоба ұсынды

Халықаралық туризм және меймандостық университеті халықаралық білім беру және туризм саласындағы ынтымақтастықты нығайту бағытындағы жұмыстарын жүйелі түрде жалғастырып келеді. Осы бағыттағы маңызды жетістіктердің бірі – университет өкілінің Корея Республикасында өткен 2026 KOPIST High-Level Tourism Policy Forum and Working-Level Training халықаралық бағдарламасына қатысуы болды.
Аталған бағдарлама Корея Республикасының Мәдениет, спорт және туризм министрлігі мен Корея туризм ұйымының (Korea Tourism Organization) бастамасымен ұйымдастырылып, әлемнің түрлі мемлекеттерінен келген туризм саласының мамандары мен сарапшыларын бір алаңға жинады. Бағдарламаның негізгі мақсаты – тұрақты туризмді дамыту, халықаралық тәжірибе алмасу, өңірлік туризмді жетілдіру бағытындағы озық тәжірибелерді бөлісу және туризм индустриясының заманауи сын-қатерлеріне бірлескен шешімдер әзірлеу болды.
KOPIST – тұрақты туризмді дамытуға бағытталған халықаралық бастама
KOPIST (Korea Partnership Initiative for Sustainable Tourism) бағдарламасы Корея Республикасының халықаралық туризм саласындағы маңызды жобаларының бірі саналады. Бағдарлама тұрақты туризм қағидаттарын кеңінен енгізуге, серіктес мемлекеттердің кәсіби әлеуетін арттыруға және халықаралық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған.
Жоба аясында қатысушылар тұрақты туризмді басқарудың заманауи үлгілерімен танысып, халықаралық сарапшылардың дәрістеріне қатысып, тәжірибелік семинарлар мен пікірталастар барысында өз елдеріндегі туризмді дамыту бағытындағы тәжірибелерімен бөлісті.
Сонымен қатар бағдарлама өңірлік туризмді дамытуға арналған практикалық жобаларды әзірлеуге және оларды халықаралық деңгейде қорғауға мүмкіндік беретін тиімді кәсіби алаң ретінде ерекшеленді.
Жоғары деңгейдегі туризм саясаты форумы өтті
Бағдарлама аясында қатысушылар Корея Республикасының әкімшілік орталығы – Седжон қаласында өткен High-Level Tourism Policy Forum жұмысына қатысты.
Форумның негізгі тақырыбы «Strategic Destination Marketing for Regional Tourism Development» («Өңірлік туризмді дамытудағы туристік дестинациялардың стратегиялық маркетингі») болды.
Халықаралық форум барысында туризм индустриясындағы заманауи үрдістер жан-жақты талқыланып, туристік дестинацияларды тиімді ілгерілету, өңірлік туристік әлеуетті дамыту және туристік бренд қалыптастыру мәселелері кеңінен қарастырылды.
Сарапшылар туристік маркетингте цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні қолданудың артықшылықтарына тоқталып, туристік деректерді тиімді пайдалану арқылы туристер ағынын арттырудың заманауи әдістерімен бөлісті.
Өңірлік туризмді дамыту тәжірибесі талқыланды
Форум аясында Корея Республикасының өңірлік туризмді дамытудағы табысты тәжірибелері таныстырылды.
Қатысушылар аумақтардың туристік брендін қалыптастыру, жергілікті қауымдастықтардың туризмді дамытудағы рөлі, өңірлердің туристік тартымдылығын арттыру және тұрақты туристік бағыттарды қалыптастыру мәселелерін талқылады.
Панельдік пікірталастар барысында әртүрлі мемлекеттердің өкілдері өз елдеріндегі туризмді дамыту тәжірибелерімен бөлісіп, халықаралық ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктерін қарастырды.
Сарапшылар туризмді дамытуда жергілікті тұрғындардың белсенді қатысуы, мәдени мұраны сақтау және табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану тұрақты дамудың негізгі факторларының бірі екенін атап өтті.
Жұмыс деңгейіндегі оқыту бағдарламасы ұйымдастырылды
2026 жылғы 22 мамыр мен 8 маусым аралығында KOPIST бағдарламасының жұмыс деңгейіндегі оқыту кезеңі өткізілді.
Кешенді оқу бағдарламасы бірнеше бағытты қамтып, дәрістерден, тәжірибелік семинарлардан, халықаралық профессорлар мен сарапшылардың консультацияларынан және көшпелі Field Trip бағдарламаларынан тұрды.
Оқыту барысында қатысушылар туризм саласындағы ең өзекті бағыттар бойынша терең білім алды.
Атап айтқанда:
стратегиялық туристік маркетинг;
тұрақты туризмді дамыту;
Community-Based Tourism қағидаттары;
туристік саланы цифрлық трансформациялау;
Tourism ODA бағдарламалары;
туристік өнімдерді әзірлеу;
Action Plan дайындау әдістемесі.
Практикалық сабақтар барысында халықаралық сарапшылар нақты мысалдар арқылы өңірлік туризмді басқарудың тиімді тәсілдерін көрсетті.
Қазақстандық жоба халықаралық деңгейде жоғары бағаланды
Бағдарламаның маңызды кезеңдерінің бірі – тәжірибелік жобаларды әзірлеу болды.
Халықаралық туризм және меймандостық университеті мен «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ өкілдері бірлесіп Шығыс Қазақстан облысының Катонқарағай ауданында community-based tourism және тұрақты ауылдық туризмді дамытуға бағытталған жобаны әзірледі.
Жоба өңірдің табиғи әлеуетін тиімді пайдалану, жергілікті тұрғындардың туризмге қатысуын арттыру, экологиялық тепе-теңдікті сақтау және ауылдық туризмді дамыту бағыттарын қамтыды.
Сонымен қатар туристік маршруттарды жетілдіру, жергілікті кәсіпкерлікті қолдау, ұлттық мәдени мұраны дәріптеу және халықаралық туристер үшін тартымды туристік өнім қалыптастыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Action Plan Contest байқауында жүлделі орын
Бағдарлама қорытындысында барлық қатысушы мемлекеттердің командалары өздерінің әзірлеген жобаларын халықаралық Action Plan Contest байқауында қорғады.






